Самарканд
Самарқан (өз. Samarqand) — Өзбекстан Республикасындағы ежелгі қала, өзі аттас облыс орталығы. Зеравшан өзен аңғарында орналасқан. Халқы 519 мың (2016). Біздің заманымыздан 4 ғасырда Марканд деген атпен белгілі болды. Біздің заманымыздан 330 ж. Ескендір Зұлқарнайын жаулап алып, өз мемлекетінің құрамына енгізді. Біздің заманымыздан . 1 ғасырдан біздің заманымыз 4 ғасырға дейінгі аралықта Кушан патшалығының ірі сауда орталығы болды. 4 ғасырдан 6 ғасырға дейін Түрік қағанатының құрамына енген Соғды мемлекетінің астанасы болды. Самарқанды 8 ғасырдың басында арабтар, 9 ғасырда Самани әулеті, 11 ғасырда Қарахан әулеті, одан соң түрік салжұқтары, 12 ғасырдың орта шенінде қидандар басып алды. 13 ғасырдың бас кезінде Хорезм шаһтары билік етті. 1220 ж. Шыңғыс хан әскерлері жаулап алды. 14 ғасырдың аяғы мен 15 ғасырдың басында Әмір Темір мемлекетінің астанасы болды. 1500 ж. Шайбани мемлекетінің, 16 ғасырдың аяғында Бұхар хандығының құрамына кірді. 1868 ж. патшалық Ресей әскерлері басып алды да, Ресей империясының қарауына енді. 1924 — 30 ж. Өзбекстанның астанасы болды. 1938 жылдан облыс орталығы. 1970 ж. қазанда Самарқанның 2500 жылдығы аталып өтілді. Самарқаның ежелгі Афрасиаб атанған солтүстік-шығыс бөлігінде қала тарихының мұражайы, Шаһи Зинда ғимараты, Бибі ханым мешіті сияқты тамаша сәулет ескерткіштері шоғырланған. Ескі Самарқанның орталығында Регистан, одан оңтүстікке қарай Гүр Әмір, Ақсарай,Рухабат; оңтүстік-шығысында Ишарат хан мазарлары, т.б. орналасқан. Самарқанда Жалаңтөс Баһадүр салдырған “Ширдор” медресесі өзінің көркемдігімен ерекшеленеді. Онда машина жасау зауыты, жеңіл өнеркәсіп фабрикасы, химиялық комбинат, 4 театр, 6 жоғары оқу орны бар.